13 августа 2022 г.

Есік қаласында жас жігітті аяусыз ұрып-соққандар іздестірілуде

Есік қаласында жас жігітті аяусыз ұрып-соққандар іздестірілуде

Алматы облысы Есік қаласында белгісіз біреулер 26 жастағы жігітті аяусыз ұрып-соғып кеткен, деп хабарлайды «Пятый регион».

Зардап шегуші түрлі дене жарақаттарымен ессіз күйде ауруханаға жеткізілді. Дәргерлер басына ота жасап, өмірін аман алып қалдық дейді. Ал туғандары қылмыскерлер табылып, тиісті жазасын алса екен деп отыр.

Оқиға 9 тамызда кешкі уақытта болды. Зардап шегушінің ағасы Александрдың сөзінше, белгісіз үш жігіт Владимирді «Пивко» кафесі маңында соққыға жыққан. 

«Барлығы кафеде басталды. Онда Владимир бір жігітпен танысып, екеуі үстел басында отырған. Ал жанындағы үстелде бір топ жігіт көңіл көтерген. Бір кезде Владимирдің жаңа танысы, әлгі жігіттермен сөзге келіспей қалады. Көп ұзамай Владимир досын таксиге отырғызып шығарып салады. Ал әлгі үшеу інімді кафе маңында ұстап алып, жарты сағат бойы ұрған. Енді бір соққыдан өліп қалар еді»,-дейді ағасы Александр.

Ол сондай ақ Владимирдің мінезі тұйық, жанжалдан аулақ жүретін адам екенін жеткізді.

«Үйленген, үш баласы бар, сапар алдында кафеге кірмек болған. Бар болғаны, екі-үш құты сыра ішкен. Жанжал шығаратындай мас емес»,-деп қосты Александр.

Зардап шегуші күрделі отадан кейін есін жиды. Ал полицейлер бұзақыларды іздестіріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 107-ші бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің дене жарақатымен Есік қаласы орталық ауруханасына түсуіне байланысты күдікті тұлғаларды Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Аталған дерек бойынша күдіктілер анықталған жағдайда қосымша ақпарат беретін боламыз»,- бұл туралы Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.